Өңір жаңалықтары :: Облыстық қоғамдық кеңесiнiң отырысы өттi

Бағаны тұрақтандыру қорының сату орындары Петропавлдың әр ауданында пайда болмақ. Бұл туралы кәсiпкерлiк және туризм басқармасының басшысы Құралай Жарова облыстық қоғамдық кеңесiнiң отырысында айтты.

Қоғамдық кеңестiң күн тәртiбiнде маңызды деген екi мәселе бар. Азық-түлiк бағасы мен өңiр тәртiп сақшыларының өткен жылы атқарған жұмысы. Әрбiреуi бойынша мiнберден сөз алуға жарты сағат уақыт берiледi. Алайда, облыстың бас полицейi Марат Төлебаевтың баяндамасы регламенттен асып кеттi. 12 айда тындырылған шаруа аз емес. Құқық қорғаушылардың еңбегi өз нәтижесiн де берiп отыр. Былтыр 2018-бен салыстырғанда жасалған қылмыстардың саны 7 жарым пайызға азайған.

Марат Төлебаев — СҚО ПД бастығы:

– Өткен жылдары жасалған 330 қылмыстың бетi ашылды. Оның iшiнде — 1 адам өлтiру, 25 — алаяқтық, 4 — тонау, 6 бұзақылық пен 282 ұрлық фактiсi бар. 83 қылмыскер құрықталды. Олардың 15-i брнеше жыл бойы iздеуде жүрген. 2019 — есiрткiмен күрес жылы болып жарияланғандықтан, бiрқатар кешендi шара өткiзiлдi. 390 келi зиянды зат пен 1 келi синтетикалық есiрткi тәркiлендi. Нашақорлардың саны да 13,2 пайызға төмендедi.

Полицейлердiң айтуынша кей кәсiпкерлер тентек суды заңсыз саудалайды екен. Бiрi — түнгi уақытта, бiрi — акциздiк маркасыз. 12 айдың iшiнде мұндай 105 фактi тiркелген. Осылайша, заңсыз сатылымнан 2 мың литр iшiмдiк тәркiленген. Өңiр жолдарындағы жағдай да алдыңғы жылдармен салыстырғанда бiрқалыпты дейдi Марат Төлебаев. 72 мың құқықбұзушы әкiмшiлiк жауапкершiлiкке тартылған. Полицейлер атқарып жатқан шаралардың нәтижесiнде жол-көлiк оқиғасынан қаза табу фактiлерi 2 есеге төмендедi.

Жиында азық-түлiктiң бағасын реттеу мәселелi де қаралды. Әлеуметтiк маңызы бар өнiмдердiң құнын шарықтатпау үшiн өңiрде тұрақтандыру қоры жұмыс iстейдi.

Құралай Жарова — СҚО кәсiпкерлiк және туризм басқармасының басшысы:

– Тұрақтандыру қорындағы азық-түлiктердiң барлығы сауда желiлерi мен базарларға сатылымға шығарылады. Арзан өнiмдер сатылатын арнайы нүктелердi Ойқала, Жас Өркен, Жұмысшы мен Заречный кенттерiнде ашуды жоспарлап отырмыз.

Өңiр дүкендерiндегi азық-түлiктiң бағасын да басқарма мамандары бақылауда ұстауға тырысуда. Қазiр аймақта арнайы штаб жұмыс iстейдi.

Ақпарат көзі: mtrk.kz

Жариялану күні: 23.01.2020