Өңір жаңалықтары :: Қала әкімінің есептік кездесулері бастау алды

Петропавл әкiмi Болат Жұмабеков халық алдындағы алғашқы есептiк кездесуiн өткiздi. Борки, Новопавловка, Солнечный кенттерi, 19-шы және 20-шы ықшам аудандарының тұрғындары шаһар басшысына шағымдарын көзбе-көз жеткiзе алды. 2 жарым сағатқа созылған кездесу барысында 80-нен астам сауал түстi.

Көз әбден үйренiп қалған трибунаның орнына — кресло, 20 беттiк баяндаманың орнына — залдағы халықпен еркiн әңгiме. Жұртшылық алдындағы жылдық есебiне Жұмабеков мырза биыл креативпен қарап, ұзақ дайындалса керек, бұқараға жақын болудың бiр тәсiлi.

Болат Жұмабеков — Петропавл қаласының әкiмi:

– Толықтай есеп БАҚ-та берiлген, сондықтан мен қысқаша, ең маңызды оқиғаларға тоқталып кетемiн. Ал көбiне сұрақтар мен ұсыныстарды тыңдауға уақыт бөлсек, қалай қарайсыздар? Өз есебiмдi 15-20 минут iшiнде қысқаша атап шығуға тырысамын.

Қала басшысы атқарған айшықты шаруасын жарты сағаттың iшiнде айтып бердi. Ең қызығы, алдында жатқан бума қағазға бiрде-бiр рет көз салмады. Қош, ендiгi кезек — ең қызығында. Атқамiнерге сауалын қойып, базынасын баяндағысы келетiндер көп болды. Микрофон алдындағы кезектi өздерiңiз де көрiп тұрсыздар.

– «Детская площадка и асфальт в ужасном состоянии».

– «Детская площадка в негодность пришла, травмоопасная и находится далеко».

– «Для пожилого поколения установить тренажеры».

– «Просьба поставить спортплощадку на улице Прохладная».

Иә, көп базынаның мазмұны — осы. Жылдан жылға жұртшылық аулаға асфальт төсеудi, балалар не спорт алаңқайын орнатуды, үйдiң шатырын алмастыруды сұрай келедi. Бұл бiр дәстүрге айналып бара жатыр.

Болат Жұмабеков — Петропавл қаласының әкiмi:

– Көбiне ұсыныстардың көбi қайталанып түседi. 2019 жылы мұны тоқтату үшiн «I-KOMEK» диспетчерлiк орталығы ашылды. Онда барлық мәселелерге сараптама жасап, сайтымызда тiзiмдi жариялаймыз.

Сөзiнше, асфальттау бойынша бөлек, ал алаңқайларды орнату бойынша бөлек электрондық кезек құрылған. Билiк тиiстi жұмыстарды сол кезек бойынша атқарып отыратын болады. Өйткенi, шаһардағы 300-дей ауланы бiр уақытта қалыпқа келтiру мүмкiн емес. Ал Асқар Оразалиннiң шағымы басқа. Орталық көшелердiң көбiнде кәрiздiк құдықтар бар дейдi ол. Алайда, жөндегенде, оларға аса мән берiлмеген. Салдарынан көлiк иелерi зардап шегiп жатыр.

Асқар Оразалин — қала тұрғыны:

– Интернационал, Сүтiшев, Жамбыл көшелерiндегi құдықтар жерге кiрiп, ой-шұқыр болып тұр. Бүгiнге дейiн, шынымды айтайын, 3 рет дөңгелегiмдi аустырдым. Жолдарды қабылдағанда әкiмдiк қайда қарады?

Болат Жұмабеков — Петропавл қаласының әкiмi:

– Иә, кей көшелердi қабылдағанда құдықтардың төмен тұрғанына мән берiлмеген. Бұл — бiзден кеткен қателiк. Биыл магистральдiк жолдарды тағы бiр тексерiп, мәселенi шешiп беремiз, уайымдамаңыз.

Зейнеткер Ақық Әлiмжанова болса шаһар шетiндегi Заречный кентiнде тұрады. Оны толғандырған түйткiл қандай?

Ақық Әлiмжанова — қала тұрғыны:

– Екi-ақ көше бар Заречный ауданында, екуiнде 4-5 үйден ғана. Бiр де бiреуi жылу жүйесiне қосылмаған. Алайда, жылу құбырлары дәл үйдiң жанынан өтедi, түсiнесiз бе? Бiз жаз бойы құжаттарды жинадық, қазiр олар әкiмдiкте жатыр.

Смета әзiрлеу керек, сараптамадан өту керек, қаржы табу керек — жұмыс жететiн дейдi әкiмдiк өкiлдерi. Бiрақ, көп көңiл аударыла қоймайтын Заречныйға биыл орталық жылудың жетуi әбден мүмкiн. Бәрi уақыттың еншiсiнде.

Жұрттан қалмай көкейдегi сауалды мен де қойдым. Шаһарда көлiк саны жыл санап артып жатыр. Елорда мен Алматыдағыдай емес, әрине, бiрақ кептелiстер бiзге де жеттi. Азанда, түс пен кешкi уақыттарда әсiресе Бөкетовтың бойында ұзын-сонар колонналар пайда бола бастады. Облыстық деңгейде сол Бөкетов көшесiн кеңейту мәселесi бiрнеше рет талқыланды. Нәтиже бар ма?

Болат Жұмабеков — Петропавл қаласының әкiмi:

– Мәселе көшенiң көлемiнде емес, бағдаршамдардың дұрыс жұмыс iстемеуiнде. Жолды кеңейту ойымыз бар, бiрақ бұған көп қаржы керек. Бiздiң ойымызша, кептелiс көп көшелердегi бағдаршамдарды заманауи техникамен құрастырып, көлiк көбейген уақытта оларды өткiзу мерзiмiн көбейту. Мұндай заманауи бағдаршам 25-45 млн. теңге тұрады, бiздiң қаламыз үшiн өте қымбат нәрсе. Қазiр бiз Қостанайда арзандауын жасау жайын қарастырып жатырмыз.

Қысқасы, жазға қарай манағы заманауи бағдаршамдар орнатылып, кептелiс түйткiлi шешiледi аз да болса. Мәселе — бiздiң бақылауда.

Жұман Құсайынов — қала тұрғыны:

– Менiң аға-жеңгем Жуков көшесi, 38 мекенжайындағы үйден пәтер алуы керек едi. Желтоқсанның 15-16 күндерi аламыз деп күткен. Сол уақыттан берi ешқандай үн болмай жатыр дейдi. Үй дайын дейдi, ол қай уақытта берiледi?

Жуков көшесi бойындағы жаңа үйге қашан көшемiз? Осы сұрақпен келгендер де аз болмады. Тұрғындар күте-күте зарықтық дейдi. Қала әкiмiнiң сөзiнше, құрылысы бiткен баспана әлi қабылданбапты. Шаруа алдағы аптада аяқталып, ақпанның 3-i қоныстандыру басталады. Бiз көрсеткен базыналар — есептiк кездесудiң тек бiр бөлiгi ғана. Отырыстың өзi 2 жарым сағатқа созылды.

Саят Ермек

Ақпарат көзi: mtrk.kz 

Жариялану күні: 23.01.2020