Оқы орындарының жаңалықтары :: Жарқ еткен ұстаз бейнесі
Жарқ еткен ұстаз бейнесі
Әлемге әйгілі данышпан да, ғұлама ғалымдар да, асқақтаған ақындар да, аспан әлемін бағындырған ғарышкерлердің бәрі ұстаз алдынан өтіп, білім алған. Ұстаздың еңбегі шексіз десек артық емес.
Әйгілі шығыс ғалымдарының бірі «Өле өлгенше ұстазыңды мақта, сол емес пе сені қосқан адамзаттық санатқа» деп өте дұрыс айтқан. Үлкен өмірге аяқ бастырып, білім нәрімен сусындатып, саналы тәрбиені санамызға құятын да осы – ұстаз.
Қыркүйек айы. Бірден ойымызға күз мезгілі, егін науқаны, білім күні есімізге түседі. Білімсіз адам , адам ба? Ал білімді беретін ұлағатты ұстаздар да талай шәкірттерін осы мезгілде қарсы алып, білім атты ұзақ сапарларында серік болып, саналы тәрбие мен сапалы білім беруге бар күш жігерлерін жұмсайды.
Менің, осы орайда «Жарқ еткен ұстаз бейнесі» атты айдарымда ортамыздан ерте кеткен ұлағатты ұстаз, аяулы ана, адал жар, ардақты әже, беделді де, белсенді әріптес Бақыт Кәкіжанқызы жайында сөз етпекшімін.
Бақыт Кәкіжанқызы Шаниева 1951 жылы Шал ақын ауданы Ақсу ауылында дүниеге келген. Ортамыздан ерте кеткен ұлағатты ұстазымыз жайында жан жары , Қазақстан журналистер одағының мүшесі, әріптес ағамыз Қойшыбай ағаймыздың естелігінен біліп, мақаламды тарқатпақпын.
- Бақыт Кәкіжанқызымен 1973 жылы көктем шыға таныстым. Ол кезде Сергеевка қаласында есепші контралер болып қызмет жасап жүрген кезі еді. Мен әскери қызметімді атқарып келіп, аудан орталығындағы құрылысшылар мәдениет орталығында қызмет жасап жүріп, шілде айында Бақыт Кәкіжанқызымен шаңырақ көтердік. Туған елім Жаңаталап болғанымен, белгілі себептермен Ибраев ауылының тұрғыны болдым. Сол кезден бері елу жылға жуық уақыт өтіпті. Өзім кеңшарға жүргізуші болып қызметке орналыстым да, сол кездегі гараж меңгерушісі Жұмабаев Мереке ағамыз бен сол үйдегі анамыз Алма Уәйісқызның жақсылықтарын ұмытпаймыз. Ибраевта Бәкен (мен өзара жолдасым Бақыт Кәкіжанқызын осылай атайтынмын) біраз уақыт баламен үйде отырып қалды. Бірде кеңшарға кассирлік жұмысқа мүмкіндік бар, барайын ба? – дейді. Мойныңа ақша мінеді деп, жібермей қойғаным бар еді.
Уақыт өте келе Бақыт Кәкіжанқызы Сейітқасым ағамыздың көмегімен балалар бақшасына тәрбиеші болып жұмысқа орналасты. Міне, осы сәттен бастап балаларға білім беру, балалармен жұмыс жасаудың нағыз майталманы болудың негізі болды. Ұжыммен біте қайнасып, іс-тәжірбие жинақтап алған Бақыт апамызды ауылдағы сол кездегі орта мектептің директоры Қасымов Шекен Қасымұлы шақыртып, мұғалімдік қызметті ұсынған. Міне, ұстаздық жолға түсуіне ағамыз Шекен Қасымұлының септігі тиді. Бақыт Кәкіжанқызы өмірден өткенге дейін ол кісінің жақсылығын айтып отыратын-ды.
Мектепке мұғалімі болып қызметке орналасқаннан соң, Петропавл қаласындағы М.Жұмабаев атындағы педагогикалық училищені бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша тамамдап шығады. Бақыт Кәкіжанқызының шәкірт тәрбиелеу процесіндегі басты ұстанымы : талап қоя білуі еді. Сабақ үлгерімі төмен балалармен сабақ соңында жұмыс жасауы, тіпті үйге келіп, сабақ талқылап отырғандарын талай мәрте көргенім бар еді деп, - Қойшыбай аға өз естелігін жалғастырды. Шәкірттері Бақытты аналық қамқорлығы үшін, берген білімі үшін жақсы көріп, сыйлады. Бірде жол жүріп келсек, үйде есік алдында бір букет гүл мен бір қорап тәттіні қойып кетіпті. Оқушылар ісі екенін ертеңіне білдік.
Серғалиев Әлібектің алғашқы ұстазы, бастауыш сыныпта сабақ беріп жүрген кездері түрлі қойылымдарда осы Әлібек кемпірдің рөлін тамаша сомдап, әртіс болар деген үлкен үміт артқан еді. Сол Әлібек ұстазының сенімін ақтап, бүгінгі күні елімізге белгілі, халықаралық, республикалық ақындар айтысының жеңімпазы, айтыскер ақын. (Әлібек естелігі төменде).
- Қарапайым ауылдың қара баласынан Қазақстан Журналистер одағыныңы мүшесі болуым, осындай биікке шығуым жұбайым Бақыт Кәкіжанқызының еңбегінің нәтижесі –деп өз ризашылығын білдірген Қойшыбай аға өз естелігін жалғастырды. Алғашқы жыр жинағының жарық көрінуіне де жұбайы білек сыбана кірісіп, ат салысқан.
Алдынан талай шәкірт оқытып, тәлім тәрбие берген Бақыт Кәкіжанқызының оқушылары бүгінгі күні еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етуде.
Көп жылдардағы еңбектері үшін Қазақстан Республикасының сол кездегі білім вице- министрінің, Білім және ғылым министрлігінің мақтау грамоталарымен марапатталған Бақыт Кәкіжанқызы облыстық білім жүйесіндегі шығармашылық еңбегі және жеткіншек ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі табыстары үшін облыстық білім департаментінің «Құрмет грамотасымен де марапатталған. 2011 жылы Қазақстан Республикасының білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ төрайымының «Еліміздегі білім мен ғылымды дамытуға , жас ұрпақты тәрбилеуде және қоғамдық өмірдегі көп жылғы мүлтіксіз еңбегі үшін » Құрмет грамотасымен марапатталды. Отбасында жолдасы Қойшыбай аға екеуі балаларды тәрбиелеп, оқытып , үлкен өмірге аяқ басуларына зор еңбек еткен. Балалардың үлкені Гулмира Қойшыбайқызы Сергеевка қаласындағы қазақ орта мектебі директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарады. Үлкен ұлдары Жеңіс Қойшыбайұлы жоғары білімді заңгер, көп жылдар бойы ішкі істер мекемесінде қызмет етіп, 42 жасында зейнеткер атанған. Бүгінде ірі құрылыс фирмасында инженер болып жұмыс жасайды. Екінші қыздары Самал Қойшыбайқызы ауданымыздағы санэпидемиялық мекемесінің директоры. Кіші ұлдары Бейбіт Қойшыбайұлы Сергеевка қаласындағы автомобиль жолдары мекемесінің басшысы. Осы балалардан тараған немере-жиендері әжелері Бақыт Кәкіжанқызының жарқын бейнесін мәңгі естерінде сақтайды.
Ұлағатты ұстаз жайында жинаған бірнеше естеліктермен бөліскелі отырмын.
Баржаксин Есен Темірғалиұлы; М.Ахметбеков атындағы орта мектебінің директоры:
Бақыт Кәкіжанқызы Шәниева жоғары санат талаптарына сай қызмет ететін бастауыш сынып мұғалімі болатын. Педагог ретінде тынымсыз ізденістің арқасында өз мамандығын меңгерген, әрі оқыту әдістемесін жетік білетін маман еді. Жаңаны тез меңгеріп, өзінің жинақталған тәжірбиесімен ұшстастырып, оқушылардың талабы мен ойлау қабілетін және өздігінен еркін дамуын шебер ұйымдастырушы жаңашыл ұстазтұғын. Бақыт Кәкіжанқызы халық ауыз әдебиетінің жанрлары , ой – сананы , тіл байлықты дамыту проблеммасы бойынша жұмыс істейтін. Жүйелі түрде озат мұғалімдердің тәжірбие алмасу конференциялары, тамыз конференциялары, облыстық педагогикалық оқуларға қатысып, биіктерден көрініп жүрген ұстаз еді. Мектебімізден зейнетке шығып, көп жылдардағы еңбегінің қызығын енді көрер шағында ортамызда болмағаны өкінішті. Әріптес ретінде сыйлы, ана-аналар алдында беделді бола білген Бақыт Кәкіжанқызының жарқын бейнесі мәңгілік есімізде болады.
Г.Таласбаева; М.Ахметбеков атындағы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі:
Әр шәкірт, алғашқы немесе өзіне үлгі тұтарлық ұстаздарын еш уақытта ұмытпайды. Керсінше сол кісіге ұқсағысы келіп өмірлік ұстанымдарын бағалап пір тұтады. Ал қызметке тұрғанда алдыңнан дәл осындай адамды кезіктіргенің ол шын бақыт. Бақыт десе бақыт еді. Әттең, қазір арамызда жоқ болғаны өзегімізді өртейді. Мен мектепке алғаш келгенде маған тәлімгер болған, тәлімгер емес-ау жол көрсеткен өз баласынан кем көрмеген жан Бақыт Кәкіжанқызы еді. Ол кісіні қашан еске алсам да, күрсінбеу мүмкін емес! Өз білгенін үйретуден еш жалыққан емес, қашан қай кезде көмек сұрасаң да өз ісін ысырып қойып ақыл- кеңесін айтудан шаршамайды. Алдындағы шәкірттеріне аянбай еңбек етіп, биік шыңдарға жетелеген аты алтын әріппен жазылуға лайық жан деп ойлаймын. Кез келген сабаққа үлкен дайындықпен келетін сонша өзінің кішкене кітапшаға сол күнін жоспарлап келуші еді, үтір нүктесіне дейін бір күндік мектепте атқарылатын жұмысын жазып алатын. Ол кісінің тәрбие сағаттары ерекше болушы еді "Тәрбиесіз берген білім-азамзаттың қас жауын" деген сөзге үлкен мән беретін ұстаз еді. Бала бойынан қандай қасиет көрсе соны ашып жетілдірудің қас шебері еді. Әрине Бақыт Кәкіжанқызы жайлы жаза берсем қалам құқылар, өзіне жеке кітап арнаса та бар мағлұматты сыйғыза алмаспын. Еңбегі өшпестей артында биік белеске жеткен шәкірттері бар. Олар барда ол кісінің есімі айтыла береріне сенімдімін.
Әлібек Серғалиев; Халықаралық, республикалық ақындар айтысының бірнеше дүркін жеңімпазы, айтыскер ақын, Бақыт Кәкіжанқызының шәкірті:
Бақыт Кәкіжан қызы менің алғашқы ұстазым. Әжем: Бақыт жақсы ұстаз, Әлібекті сол оқытсын деп өзі апарып, тапсырғаны есімде. Бойымда өнер бар екенін ең алғаш байқаған да Бақыт Какижан қызы еді... Жолдасы, Қойшыбай ағаға апарып, өлең деген мұхитқа итере салып еді,,, содан жаман болған жоқпыз. Республикалық, Халықаралық байқаулардағы жүлделерім- алдымен осы кісінің арқасында... Ұстазымның жаны жәннатта болғай....
Ұстаз. Осынау сөзді естігенде , ең алдымен ұлағатты жандар ойға еріксіз оралатыны бар. Әркімнің өзінің бәрінен де ұлық көретін адамы болады. Иә, мектепке «тарыдай болып келіп, таудай болып» шыққанша ақыл –кеңестерін аямайтын, тәлім-тәрбие мен сапалы білім беретін ұстаздарымызды құрметтеп, ұстаздар мерекесі күні қарсаңында ортамызда жоқ аяулы жандарды еске алып, ризашылықтарымызды қолдан келгенше жасай білейік.
Жанат Шалабаева

Жариялану күні: 27.09.2022