Өңір жаңалықтары :: «BUSINESS LADY QAZAQSTAN» БАЙҚАУЫНДА ЖЕҢIСКЕ ЖЕТТI

«BUSINESS LADY QAZAQSTAN» БАЙҚАУЫНДА ЖЕҢIСКЕ ЖЕТТI

ҚР статистика комитетiнiң мәлiметiнше ел халқының 52 пайызын әйелдер құрайды. Оның 648мыңнан астамы бизнес саласында жүр. Кәсiпкер қыз-келiншектердi қолдау мақсатында Республика көлемiнде екiншi жыл қатарынан Business Lady Qazaqstan байқауы ұйымдастырылып келедi. Дәл осы сайыста елiмiздiң әр облысынан келген 11 қатысушының арасынан жерлесiмiз, жас кәсiпкер Дина Мұхамбетжанова үздiк деп танылып, гран-при иегерi атанды. Жеңiмпазбен арна тiлшiлерi тiлдесiп келдi.

Business Lady Qazaqstan әйел мәртебесiн арттыру мақсатында ұйымдастырылған байқау. Конкурс аясында қатысушыларға өз брендiн таныстыру және оны дамыту, SMM — бизнестi iлгерiлету сынды, түрлi бағытта шеберлiк сағаттары өткiзiледi. Ал финалдық кезеңде олар осы үйренген дағдыларын көрсету керек. Дина Мұхамбетжанова облыстық кезеңде үздiк деп танылып, 21 қаңтар күнi Нұр-Сұлтан қаласында өңiр намысын қорғады. Бiрiншi кезеңде TEDx- форматында отбасы мен мансап тақырыбында презентация қорғаса, екiншi турда атақты әншi Бауыржан Исаевпен бiрге ән айтып, өз өнерiн көрсеткен.

ДИНА МҰХАМБЕТЖАНОВА, «BUSINESS LADY QAZAQSTAN» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢIМПАЗЫ:

- Барлық қатысушылар өте жақсы өнер көрсеттi. Тiптi, қол астында бiрнеше жылдан берi 10-15 ер адам жұмыс iстейтiн, құрылыс саласында өз бизнесiн дамытып жүрген әйел адамдарда келдi. Алайда, сәттiлiк маған серiк болып, гран-при иегерi атандым. Сонымен қатар, қазылар алқасы тарапынан «леди позитива» деген аталым берiлдi.

Дина Мұхамбетжанова көптеген жылдар бойы мемлекеттiк қызметте жұмыс iстеген. Соңғы 2 жылда декреттiк демалыста отырып, өзiнiң жеке кәсiбiн бастапты. Ол инстаграм әлеуметтiк желiсi арқылы жұмысын алға домалатқан екен.Қазiр Петропавлда әйелдер киiмiн сататын екi бутигi бар.

ДИНА МҰХАМБЕТЖАНОВА, «BUSINESS LADY QAZAQSTAN» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢIМПАЗЫ:

- Киiм бизнесiмен айналысарда көп ойландым. Менiң қолымнан келмейдi деген ойлар да маза бермедi. Алайда, отбасымның қолдауымен алып кеттiм. Қазыр киiм-кешектi Алматы, Тараз қаласы мен Қырғызстаннан әкелiп сатамыз. Тұрақты клиенттерiмде бар.

Айта кетейiк, «BUSINESS LADY QAZAQSTAN» республикалық сайысында қатысушылардың жасы мен тәжiрибесi, бизнестегi саласы есепке алынбайды. Тек олардың өнерi мен өз кәсiбiн қорғау деңгейi бағаланады. Байқау нәтижесi бойынша үздiк деп танылған жерлесiмiз Дина Мұхамбетжановаға сыйлық ретiнде Швецария елi, Женева қаласындағы Geneva Business School — да "New business development" яғни, бизнестi дамытудың жаңа бағыттары атты 2 күндiк оқуға сертификат берiлген.

Жансая ҚАЙЫПОВА

Ақпарат көзi: petropavltv.kz

Жариялану күні: 23.01.2020