Бүгiн Үкiмет үйiнде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен елiмiздiң өңiрлерiнде бiлiктiлiк орталықтарын дамыту арқылы техникалық және кәсiптiк бiлiм беру мәселелерi жөнiнде кеңес өттi.
Кеңес барысында жаңа формацияның жұмысшы мамандарын даярлау мәселелерi талқыланды. ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң алдыңғы қатарлы колледждер негiзiнде бiлiктiлiк орталықтары жұмысының оң тәжiрибесiнiң таратылымы жөнiндегi тәсiлдерi қаралды. Атап айтқанда, сұранысқа ие дағдылар мен жаңа педагогикалық технологияларға оқыту, материалдық-техникалық базаны дамыту, оқытушылардың бiлiктiлiгiн арттыру және т.б. Қазiргi таңда Қазақстанда тау-кен өндiрiсi, тау-кен және металлургия, құрылыс және аграрлық салалар бойынша 8 бiлiктiлiк орталығы жұмыс iстей бастады.
Мәселелердi талқылауға «Қазақстанның Шетелдiк инвесторлар кеңесi» қауымдастығының басқарма төрағасы, Қазақстан бойынша «Еуропа қайта құру және даму банкiнiң» басшысы А. Прейманис және Шетелдiк инвесторлар кеңесiнiң мүшелерi: «Еуразиялық топ» ЖШС қызметкерлер және әлеуметтiк жұмыс жөнiндегi басқарма төрағасының орынбасары И. Губарева, «ТМК-Казтрубпром» ЖШС бас директоры В. Колесников, «АрселорМиттал Темiртау» АҚ атқарушы директоры В. Басин, «Полиметалл Еуразия» ЖШС қызметкерлермен жұмыс жөнiндегi дирекция директоры Қ. Толыспаев, «EY» Астана қ. бөлiмшесiнiң басшысы және қызметкерлердi басқару мәселелерi жөнiнде кеңес беру бөлiмiнiң аға менеджерi Д. Деминов, ҚР-дағы «РУСАЛ» өкiлдiгiнiң директоры В. Смирнов, «PwC» мемлекеттiк органдармен өзара iс-қимыл жөнiндегi аға маманы Ю. Ерлыкина қатысты.
Жаңа формацияның жұмысшы мамандарын даярлау үшiн әрекет етiп тұрған колледждер негiзiнде 24 бiлiктiлiк орталығын, оның iшiнде шетелдiк инвесторлармен Жол картасы аясында — 6 бiлiктiлiк орталығын құру көзделген. Аталған колледждерде заманауи материалдық-техникалық база, саланың жетекшi компанияларының қатарында серiктестерi бар.
Ақпарат көзi: edu.gov.kz