Новости учебных заведений :: Мамандықтың төресі - ұстаздық
Мамандықтың төресі - ұстаздық
Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Әсілі, мұғалім барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, оқытып үйрететін мейірім- ді абзал жандар. «Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» демекші, ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ. Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді. Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де, бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған. Сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді.
Ұстаз жанын ұстаз болған жан ғана түсінеді деген түсінік бекер екен. Ұстаз жанын, ұстаз еңбегін барша адамзат түсінеді деп білемін. Өйткені ұстаз- қараңғы күнді жарық қылып, білмегенді үйретіп, үлкен өмірге аяқ басқызып, бағыт –бағдар беретін жан.
Жаңа 2022-2023 оқу жылы қарсаңында ұлағатты ұстаздар қауымын құттықтап, еңбектеріне жеміс, дендеріне саулық, отбасылық береке тілеп, ардагер ұстаздардың өмір жолдарымен танысу мақсатында, ардагер ұстаз, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі – Зиягүл Тасыбайқызымен сұхбаттасып, аяулы ұстаздың өмір жолымен, ұстаздық еткен қажырлы еңбегімен танысып, бөліскелі отырмын.
Зиягүл Тасыбайқызы Тасыбаева 1948 жылы 28 қаңтарда Жамбыл облысы, Талас ауданы, Бостандық ауылында дүниеге келген. 1955 жылы мектеп табалдырығын аттап, орта білімді 1966 жылы тамамдайды. Сол жылы Алматы қаласындағы , (қазіргі Әль- Фараби атындағы мемлекеттік университетінің ) филология факультативіне оқуға түсіп, 1971 жылы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын алып шығады. Алғашқы еңбек жолын Жамбыл облысындағы «Түгіскен» орта мектебінде ұстаз болып бастайды. 1974 жылдан бастап, зейнет жасына шыққанша Шал ақын ауданындағы М.Ахметбеков атындағы орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметін атқарады.
Қызық та, қиын еңбек жолында талай жетістіктерге жетіп, білім басшыларынан алғыс хаттар мен марапаттарға ие болды. Аудандық , облыстық педагогикалық оқуларға қатысып, ашық сабақтар өткізіп, баяндамалар оқып, өз іс –тәжірбиелерімен бөліскен ұлағатты ұстаз өскелең ұрпаққа, жас мамандарға ақыл - кеңестерін аямаған. 1989 жылы Түркістан қаласында өткен республикалық конференцияға қатысып, өз іс – тәжірбиесін ортаға салып, пікір алмасқан. 1991 жылы аттестациялаудың қорытындысы бойынша «Аға мұғалім» атағына ие болды. 1993 жылы Мағжан Жұмабаевтың 100 жылдығына арналған облыстық ғылыми- тәжірбиелік мәслихатында баяндама жасап, бағалы сыйлыққа ие болған. Ұстаздық еңбек жолында қажырлы еңбектерінің арқасында білім басшыларының алғыстарына бөленген.
1995 жылы «Абай –ұлы ойшыл , ақын, тәлімгер» тақырыбы бойынша өткізген конференцияда «Сен де бір кірпіщ дүниеге» атты баяндама жасап, ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.
1998 жылы «Жыл мұғалімі» байқауына қатысып, бірінші орында жеңіп алады. Осы жылы жылдар бойы адал қызметі үшін, қажымас еңбектері бағаланып «Қазақстан Республикасы халыққа білім беру ісінің үздігі » деген жоғары атаққа ие болады.
Ұстаздың атқарған қызметі шектелмейді. Ұстаз қашанда ізденіс үстінде, шығармашылық жолдың биік шыңдарын бағындыруда қажырлы еңбек етеді. Қырық жылға жуық уақытын ұстаздыққа арнаған Зиягүл Тасыбайқызының алдынан білім алған шәкірттері елімізідің түкпір-түкпірінде ұстаз жолын қуып, болашаққа ұрпаққа білім беруде. Солтүстік Қазақстан университетінде, Көкшетау университетінде , басқа да білім ошақтарында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері болып қызмет атқаруда. Солтүстік Қазақстан университетінің ұстаздары: Таласбаева Данагүл, Сансызбаева Динара, Көкшетау университетінде Қожантаева Айнаш. Мектептерде ұстаздық қызметте : Есімсейітова Самал, Гаккуова Динара, Әбілова Диляра, Сейтахметова Айтжамал және басқа да оқушыларым ана тілінің жанашырлары, - деп қарт ұстаз үлкен мақтанышпен баяндап берді. Білім күні қарсаңында аяулы ұстаз жайында жылы лебіздерін Зиягүл Тасыбайқызының шәкірттері де білдіріп , алғыстарын айтты.
Қуандықова Данагүл Қайнетқызы: «М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің» КеАҚ доценті, филология ғылымдарының кандидаты:
Ұстазым, менің ұстазым ...
Зиягүл Тасыбаевна туралы естеліктер біздің балалық шағымызбен тығыз байланысты. Себебі жас талдың бұтағындай болған жасөспірімдердің өмірде өз орнын табуда сынып жетекшіміз әрі, қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі болған апайымыздың қосқан үлесі орасан зор. Дәл өз басым мұғалімдік мамандықты таңдауымда ұстазыма ұқсағым келгендігімнен туған арман болса керек..
Шындығына жүгінсек, өз басым Зиягүл Тасыбаевнаға қатты қарыздармын деп сезінем. Қайда жүрсек те бізді көзінен таса қылмайды. Кездесе қалғанымызда қал-жағдайымызды сұрап, жаны қалмайтын жүрегі кең, аса мейірімді жан.
Ар-ождан тазалығы, үміт пен сенім беріктігі, қуаныштың шынайылығы, қайырымдылық пен мейірімділік, өмірсүйгіштік, маңдай терін төгіп еңбек ету – бұлардың барлығы ұстазымның даналық қырлары деп ойлаймын.
Ардақты ана, жанашыр ағайын, абыройлы ұстазымның жүріп өткен жолының ұлағатын жастар тағдырында терең із қалдыратын саладан таба білген, соны аса бір таза, кіршіксіз мәдениеттіліктің, кісіліктің, адамгершіліктің биік тұғырына көтере білген ұстаз тұлғасы күннен күнге асқақтай түсетіні даусыз.
Ұстаз жайында сөз ету, әр шәкірт үшін мақтаныш, үлкен құрмет деп есептеймін. Әсіресе, сол ұстаздың жолымен қызмет жасап, өмірдегі өз орнын тапқан шәкірттер лебізі ерекше. Зиягүл Тасыбайқызының шәкірттерінің бірі, "Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті" Ке АҚ, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының лекторы, педагогика ғылымдарының магистрі, ак. Доценті. Қазіргі күні Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің PhD докторанты - Құрманова Айнаш Құрманқызы:
Мұғалім - мамандық болса, ұстаздық қасиет, табиғат дарытқан құдірет. Ал шәкірт - ұстаз өмірінің куәгері. Мен Зиягүл Тасыбайқызын ұлағатты ұстаз санаймын, әрі шәкірті болғанымды мақтан етемін. Өйткені ұстаздарым Қағида Базарбайқызы мен Зиягүл Тасыбайқызының беделдері мен бейнелері мені ұстаздық әлемге қадам бастырды. Сондықтан «Ұстаздық - ұлы іс» деп кемеңгер жазушымыз М. Әуезов айтқандай, бұған лайық болу - үлкен абырой, басты борыш деп есептеймін.
Ұстаздықтың қыры мен сырын терең түсінген, білімді де білікті апайым Зиягүл Тасыбайқызы бұл әлемнің ең басты майталманы. Әр сөзі байыпты, терең, мағыналы. Мамандығын қатты сүйетін, бар жан-тәнімен қазақ тілі мен әдебиетінің мәселелерін паш етіп, ұстаз жолын жалғастырушыларға темір қазық болып жол көрсетті. Сондықтан да ұстаз болу арманымыз орындалып, ұстаздықтың қасиеті ата-ана тәрбиесімен басталып, апайымыздың бейнесімен, мол тәжірибесімен жалғасып, шәкірттеріміздің білім жетістіктерімен ұштасып, табиғат дарытқан құдіретпен жалғасып келеді. Шәкірттің жүрегіне шындық пен адамгершіліктің таңбасын тақпаса, ұстаз мақсатына жетпейді. Ал бұл жолда Зиягүл Тасыбайқызы өз мақсатына жетті. Беті ашылып оқылмаған кітапқа ұқсаған біздерді ізгілік ниетпен оқи алды. Жеке тұлға болып қалыптасуымызға өзіндік ұстаздық үлесін қосты. Ерлік пен елдік, ізгілік пен жақсылық, даналық пен әділеттілік, ынтымақ пен бірлік сияқты адами қасиеттерді бізге дарыта алды. Сондықтан жақсы ұстаз болғың келсе, ойлау қабілетіңді дамыт, ұлы ұстаздардың біріне еліктеп, оның еңбегін оқып біл, тәжірибесіне жаттық, содан соң өз жолынды ізде дегім келеді. Тәжірибе - өмірдің тұрлаулы ұстазы, себебі өмір игілігін білуге үйрететін - тәжірибе. Міне, Зиягүл Тасыбайқызының ұстаздық жолы, тәжірибесі осындай.
Ұстаз жайында осындай жылы лебіздер естуден , бар өмірін ұстаздыққа арнаған Зиягүл Тасыбайқызының ерен еңбегінің ақталғанын көреміз. Бүгінгі таңда аяулы ұстазымызды жаңа оқу жылымен құттықтап, келер ұрпаққа айтар ақылы мен берер кеңесі көп болып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеп, жасай берсін демекпін.
Жанат Шалабаева
Возможно, это изображение 1 человек и в помещении
Дата публикации: 21.09.2022