Білім жаңалықтары :: Облыс орталығында Қозыбаев оқулары өтті

«Қозыбаев оқулары — 2020: қазақстандық ғылымның дамуындағы басым бағыттар, заманауи жетiстiктер мен инновациялар». Бүгiн Қозыбаев Университетiнде осындай тақырыпта халықаралық ғылыми-тәжiрибелiк конференция өттi. Шараға әлемнiң түкпiр-түкпiрiндегi бiлiм ордаларынан ғалымдар қатысып, баяндама оқыды.

Шара тарих ғылымдарының докторы, академик Манаш Қабашұлы Қозыбаевтың ескерткiшi алдына гүл қоюдан басталды. Атай кетейiк, жақында қарашаның 16-сы күнi тарихшының туған күнi болды. Бiлiм мен ғылымның дамуына елеулi үлес қосқан академиктiң көзi тiрi болса биыл ол 89 жасқа толар едi.

Бүгiн бiлiм ордасында тарихи сәт. Университет қабырғасында «Абай орталығы» ашылды. Сонымен қатар, бүгiн Манаш Қозыбаев оқуларына орай 5 томдық «Манаштану мәселелерi» кiтабының тұсауы кесiлдi. Абай орталығына кiрiп келген сәтте көзге түсетiн дүниелердiң бiрi — ол мына қабырға. Туындыны Вячеслав Ким есiмдi кәсiпкер ойлап тауыпты. Ерекшелiгi сол телефондағы бағдарламаның көмегiмен қабырғаны камераға түсiрсеңiз Абай атамыздың суретi сөйлей бастайды.

Вячеслав Ким — кәсiпкер:

– Бағдарлама “Look AR” деп аталады. Бұл қосымшаны менiң компаниям жасап шығарды. Оның көмегiмен қабырғадағы картинкаларды толықтырылған шынайылық, яғни 2D, 3D объект ретiнде қарауға болады. Жалпы, жобаны iске асыру үшiн 2 ай уақыт жұмсалды.

Қазақстан Республикасының еңбек сiңiрген қайраткерi, академик, Қозыбаев Университетiнiң профессоры Зарқын Тайшыбай бұл орталық жастардың Абайды тануға, оның шығармашылығымен кеңiрек танысуға мол мүмкiндiк бередi дейдi. Сонымен қатар, болашақта Абай iлiмiн тарату мен оны кеңiнен зерттеуде рөлi зор болатынын жеткiздi.

Зарқын Тайшыбай — ҚР еңбек сiңiрген қайраткерi, академик, Kozybayev University профессоры:

– Абай орталығының ашылуы — облысымыз үшiн үлкен оқиға. Мұнда студенттер, ауыл шаруашылығы еңбеккерлерi мен студент, мұғалiмдер кездесiп Абайдың философиясымен танысып үлкен азық алады деп есептеймiн.

Жоғарыда айтқанымыздай биыл — Манаш Қозыбаевтың 89 жылдық мерейтойы. Осыған орай жергiлiктi университет қабырғасында ауқымды шара ұйымдастырылуда. Нақтырақ айтсақ, «Қозыбаев оқулары — 2020: қазақстандық ғылымның дамуындағы басым бағыттар, заманауи жетiстiктер мен инновациялар» атты халықаралық ғылыми-тәжiрибелiк конференция өтуде. Шараға әлемнiң түкпiр-түкпiрiндегi бiлiм ордаларынан 15 адам онлайн-байланыс арқылы баяндама оқыды. Конференция қазақ, түрiк, орыс және ағылшын тiлдерiнде өткiзiлдi.

Бердимурат Баймухан

Ақпарат көзі: mtrk.kz

Жариялану күні: 20.11.2020