News of educational institutions :: Ұстаздар мерекесі
Ұстаздар мерекесі. Осы күні әрбір адам өзінің алғашқы ұстазы жайында сыр шертеді. Еске алады. Ортамызда жүрсе, құттықтап, хабарласады. Ал өмір заңына бағынып, ортамызда жоқ аяулы ұстаздарды, еске алып, жақсы істері мен берген білімдері жайында әңгімелеуден басқа шара жоқ. Білім күні қарсаңында жарқ еткен ұстаз, аяулы ана, адал жар, беделді әріптес бола білген , шәкірттеріне қадірлі ұстаз Нұртазина Ляззат Еслямқызының қысқа да, мағыналы, мәнді, шығармашылыққа толы өмірі жайында сөз етейін.
Ляззат Еслямқызы 1971 жылы 20 қаңтарда Шал ақын ауданы, Ленин ауылында дүниеге келген. 1977 -1987 жылдар аралығында Кривощеково орта мектебінде білім алады. Осы жылы Петропавл қаласындаға педагогикалық техникумға оқуға түседі. Атаулы білім ошағын 1989 жылы «Бастауыш сынып» мұғалімі мамандығы бойынша аяқтап шығады. Еңбек жолын осы жылы Ленин орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып бастап, қысқа ғана ғұмырын бала тәрбиесіне, ұстаздыққа арнайды. Жолдасы Таңат Шәкімұлымен екі ұл өсіріп, жеткізеді. Үлкен ұлы отбасылы, кіші ұлы Аманжол ұстаздық жолды таңдап, Есіл ауданындағы Николаевка орта мектебінде физика пәні мұғалімі болып қызмет жасайды.
Білім беруде, балаларға алғаш қалам ұстатып, әріп танытып, ұстаздық жолдың қыр-сырын меңгерген әріптесіміздің өмірі қысқа болғаны өкінішті. Артында қалған ұлдары, жолдасы, туған – туыстары, әріптестері Ляззат Еслямқызының жарқын бейнесін естерінде, жүректерінде мәңгі сақтайды. Ляззат Еслямқызы мектеп өмірі мен ел тарихында болып жатқан науқандарға белсене араласқаны үшін мектеп әкімшілінен алғыс хаттарға ие болған.
«Өткен риза болмай, тірі байымайды» деген қазақтың керемет нақыл сөзі дұрыс айтылған. Өткенді еске алып, жақсы, игі істерін болашақ ұрпаққа жеткізіп отыру біздің міндет. Ұстаздың игі істері ешуақытта өшпейтін, ұмытылмайтын ерлік. Ұстаз жанын түсінген әрбір азамат оның жақсы істерін айтып, мақтанып, үлгі тұтып жүреді.
Ляззат Еслямқызы туралы естелік жазар алдында бірге істеген әріптестерінен, шәкірттерінен ұстаз жайында ой-пікір сұрап, сұхбаттасқан едім.
Гүлнарай Таласбаева; М.Ахметбеков атындағы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі;
Ләззат Еслямқызы мектебіміздің жарық еткен жұлдызы іспеттес. Қысқа ғана ғұмырында артында өшпес із қалдыра алды. Сабақ беру ерекшелігін айтып тіл жетпес. Шебер, шығармашыл ұстаз еді. Қандай жұмысқа араласпасын, өз қолтаңбасын ойып тұрып қалдыратын ерекше тұлға. Қиыннан қиыстырып, шарғалаңнан алып шығатын көшбасшылық қасиеттерін еске алмау мүмкін емес. Алдындағы шәкірттеріне білгенін жеткізгенше шыдамсызданатын. Амал қанша, қысқа уақытта талай шәкіртке қалам ұстатып, оң- солын тануды үйретіп, үлкен өмірге бағыт бере алды. Алдынан оқыған талай шәкірттері жоғары білімді, еліміздің әр саласында қызмет атқаруда. Осындай жаны жайсаң жандардың арамызда жоғы өкінішті. Ляззат Еслямқызының жарқын бейнесі мәңгі жадымызда болады.
Ашимова Айшагүл: М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің , Тіл және әдебиет институтының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша 3- курс студенті:
Әлі есімде... Анам жетектеп бір кішкентай ғана сыныпқа алып кірді. Сыныптың іші тақта, бор, түрлі оқуға керек мен танымайтын жабдықтарға толы. Парталарда менімен шамалас ұл-қыздар ата-аналарымен отырекен.Балалықпен еркелеп жүрген мен қайда келгенімді түсінбедім де. Есікті аша сала алдымыздан бұрын-соңды көрмеген жарқын бейне күлімдеп қарсы алды. Сол мезетте жат ортаға тап болған мен үшін ең жақын адамдай сезілген жан еді. Жылы қабақ танытып, ашыла сөйлескенде одан да жақын жылулығы жүзінен білінетін тұлға дер едім. Бір күлімдеуінің өзі көңілге тыныштық пен жайлылық сыйлағандай болды. Иә, әрине, ол қолға қалам ұстатып, әріп танытып, таусылмас білімнің қайнар бастауын көрсеткен, сауатымды ашқан менің алғашқы ұстазым - Нұртазина Ләззат Еслямқызы еді...
Оның жылы шырайы мен жарқын бейнесі үнемі бізді баурап тұратын. Оқушыларының әрбіреуін бөліп жармай, жеке-жеке көңіл бөлетін. Қандай жағдай болмасын көмек қолын созып, ақылын беріп отыратын түсінігі мол адам еді. Ол кісінің тиянақтылығы үстел үстінде жататын қағаздарынан, үтір нүктесіне дейін қамтылған сабақ жоспарларынан, бір қатарға маржандай тізілген жазуынан көрінетін. Әр сабақтың басталған уақытынан аяқталғанына дейінгі әрбір бөлігін жоспарына жазып, ерекше дайындықпен келетін. Сабақ түсіндіру үстінде бір сұрағы туындаса тәжірибелі әріптестерінен анықтап алып, өз санасына қондырып, кейін ғана бізге келіп үйрететін. Сұрақтың жауабын нақтылап білмейінше тыным таппайтын. Бізді оқытып қана қоймай, бізбен бірге жаңа түсініктерді, жаңаша мағлұматтарды, жаңа ағымға сай ақпараттарды ұғынуға талпынатын еді. Ол кісіден бір нәрсені жасыру мүмкін емес еді. Жаңа тақырыпта түсінбеген тұстарымыз болғанын түрімізден-ақ сезіп қоятын. Біреуіміз түсінбей қиналып қалсақ, ерінбей қайтадан бүкіл сыныпқа тамырынан бастап тақырыпқа шолу жасайтын. Осы қасиеті арқылы жадымызда ерең тұлға ретінде сақталған.
Мейірімділігімен қатар жүретін қаталдығы да алған білім мен тәрбиемізге теріс әсерін тигізген емес. Сол арқылы үлкендерді сыйлауды, әр іске жауапкершілікпен қарауды, әдептілікті, тәртіпті, сыпайылықты бойымызға сіңірдік деп есептеймін. Балалықпен жасаған шалалығымызға бір күліп алып, бізбен қалжыңдасқанды да жақсы көретін. Әрбір оқушысының қандай екенін жатқа білетін. Сабақ түсіндіру кезінде біреудің басқа нәрсемен айналысып отырғанын, біреудің ойы басқа жақта жүргенін, біреудің көңіл-күйі жоқтығын бірден байқап,себебін анықтамай қоймайтын.
Орыстың ойшылы Лев Толстойдың: «Егер мұғалім өз ісіне деген сүйіспеншілікті оқушыларға деген сүйіспеншілікпен ұштастыра білсе, ол – нағыз ұстаз», - деген сөздері Ләззат Еслямқызын сипаттайды десем қателеспеймін. Өз жұмысын мінсіз атқарып қана қоймай, оқушыларды да жақсы көріп, оларға қамқорлық таныта білу, бар білгенімен бөлісіп, саналарына жеткізу – әр мұғалім атаулының қолынан келе беретін іс емес. Ал, менің алғашқы мұғалімім осының бәрін жасай білген ұстаздардың бірі дегім келеді. Ол кісі бізге ұстаз ғана емес, екінші анамыздай да бола білді. Жанарынан байқалатын жанашырлық пен мейірім әлі де ешбіріміздің есімізден кетпейді. Балалық шақтың бір бөлімінде қалса да,қаншама жылдар өтсе де, алғашқы ұстазымыздың ұлы тұлғасы еш ұмытылмайды. Әрқашан жанашыр жақынымыздай еске алып, санамызда ғана емес, жүрегімізде мәңгі сақтаймыз!
Ляззат Еслямқызы осындай сыйластық пен құрметті аз ғана ғұмырында көріп, оқушы ілтипаты, әріптестер мен қоғамның сыйластығына әлі де бөленер еді. Бірақ өмір заңына дауа бар ма,? Біреуге ерте, біреуге кеш келетін ажал ортамыздан Ляззат Еслямқызын ерте алып кетті. Не дейміз?! Не шара?! Тек жанына имандылық, топырағы торқа болып, артында қалған ұрпағына ғұмыр берсін дейміз. Болашақ ұрпақты тәрбиелеп, білім беруде қосқан үлесі үшін басымызды иіп, алғысымызды білдіреміз.
Жанат Шалабаева
Возможно, это крупный план (1 человек)
 
Date of publication: 27.09.2022