М.Қозыбаев атындағы Солтүстiк Қазақстан мемлекеттiк университетiне Саха елiндегi Якутск мемлекеттiк ауыл шаруашылығы академиясынан 4 студент келдi. Олар мұнда мобильдi оқу жүйесi аясында бiлiм алмақ.
Студенттердiң айтуынша мұнда келу үшiн олар арнайы конкурстан өтуге тиiс болған. Ақыры 50 үмiткердiң iшiнен 4-уi ғана iрiктелiп алыныпты. Солардың бiрi — Мирослав Максимов. 2-шi курста оқып жүрген жастың мамандығы орман шаруашылығымен байланысты.
Мирослав Максимов, Якутск мемлекеттiк ауыл шаруашылығы академиясының студентi, РФ:
— Мен алғашында достарымнан осында келiп оқуға болатынын естiдiм. Бұл менiң Қазақстан табиғатына деген қызығушылығымды арттырды. Әрине, мұнда бiлiм беру жүйесiнiң өзiндiк ерекшелiктерi бар.
Ауа температурасы минус 60 градусқа дейiн баратын елден келген студенттерге солтүстiктiң суығы таңсық емес. Владислав Семеновтың айтуынша саха мен қазақ тiлдерiнде бiр ұқсастық бар.
Владислав Семенов, Якутск мемлекеттiк ауыл шаруашылығы академиясының студентi, РФ:
— Осындағы жатақханада студенттермен танысып, араласып кеттiк. Тiптi, тiлiмiз де ұқсас екен. Мысалы: балик-балық, кир-кiр деген секiлдi бiршама сәйкестiктер бар.
Саха елi мен Қазақстан арасы 6 мың шақырымды құрайды. Қалай айтса да, немен жетсе де жолға бiраз уақыт кетедi. Соған қарамастан 4 якутиялық студент М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ға мобильдi оқу жүйесi аясында келiп отыр. Алғашқы күндi олар тиiстi құжаттарды толтырумен өткiзсе, қазiр бiлек сыбана бiлiм алуға кiрiскен.
Алтын Шаяхметова, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ Агротехнологиялық факультетiнiң деканы:
— Агротехнологиялық факультет 2018 жылдың қыркүйек айында құрылды.Дәл қазiр университетiмiзден 5 студент мобильдi бағдарлама бойынша Түмен облысында оқып жатыр. Ал бiзге 6 жас келдi. Олардың 2-уi — Түмен университетiнен, 4-уi — Якутск мемлекеттiк ауыл шаруашылығы академиясынан.
Солтүстiк өңiрге бiлiм қуып келген студенттер жергiлiктi университет қабырғасында ғана емес, сондай-ақ дуалды оқыту жүйесi аясында түрлi серiктестiктерде тәжiрибе жинақтайды.
Диана Бакирова
Ақпарат көзi: mtrk.kz