Сенім телефоны
Өтпелі жас — жасөспірім үшін оңай кезең емес. Бұл уақытта оның сыртқы келбеті өзгереді, гормоналдық өзгерістер болады, отбасы және достарымен қарым-қатынасты құруда қиындықтар туындайды, бала өз орнын қайтадан іздеп, әлемдегі орнын айқындауға тырысады. Бұл дағдарысты кезеңнен сауатты түрде өту өте маңызды.
Көбінесе жасөспірімдер кеше ғана мүлде ойына келмеген қиындықтарға тап болады: жалғыздық, қатыгездік, ата-ананың ажырасуы, жауапсыз махаббат және тағы басқа жағдайлар. Мұның барлығын олар өте ауыр қабылдайды. Мамандардың дер кезінде көрсеткен көмегі, көңіл бөлуі мен қолдауы, мәселені түсініп, мойындау жасөспірімнің мінез-құлқын түбегейлі өзгертіп, қайғылы жағдайлардың алдын алуы мүмкін.
Сенім телефоны — маңызды қызмет түрлерінің бірі. Бұл қызмет білікті педагог-психологпен анонимді телефон арқылы сөйлесуге мүмкіндік береді.
Сенім телефонын жедел желіден ажырата білу қажет. Жалпы ереже бойынша, сенім телефоны жедел желіден айырмашылығы — анонимді, қатаң түрде құпия сақталады және психологиялық қолдау көрсетуге арналған.




